20.02.2026
2026 жылдың 20 ақпанында Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұйымдастыруымен өткен «Жас зерттеуші» ғылыми-зерттеу байқауы барысында оқушыларымыз ерекше жетістіктерге жетті. Бұл байқаудың басты мақсаты – 7-сынып оқушыларының ғылыми ойлауын, шығармашылық қабілеттерін дамыту және ғылыми ізденіске деген қызығушылықтарын арттыру. Байқау түрлі ғылыми бағыттар бойынша өткізілді, оның ішінде химия, физика, биология, этномәдениет, информатика, робототехника және STEM салалары қамтылды.
Мәлік Кәусар мен Дидарбек Жанерке «Қарағай шайырының емдік қасиеті» тақырыбында ғылыми жобаларын ұсынды. Мектебіміздің оқушыларына жоғары үшінші дәрежелі дипломмен марапат табысталды. Олардың зерттеу жұмыстары ғылыми тұрғыдан негізделген және кең аудитория үшін қызықты әрі пайдалы болды. Жетекшісі: Сайфидинова Дана Калкамановна.
Айару Дулатхан мен Айжан Муратова «Қазақ халқының шаш әшекейлері: шашбаудың орны мен ерекшелігі» тақырыбында ғылыми зерттеу жұмыстарын ұсынды. Олар этномәдениет бағыты бойынша жүргізілген зерттеу жұмыстарымен «Үздік эксперименталды зерттеу» номинациясында дипломмен марапатталды. Жетекшісі: Отарбаева Жазира Токтасыновна.
Информатика және робототехника бағытындағы зерттеу жұмыстарын қорғаған Ибраева Дильназ «Робототехника - жаңа заман талабы» тақырыбыымен 3-орынға ие болды. Бұл жоба STEM саласында жаңашылдық пен техникалық шешімдерді ұсынды. Дильназ Амангелді ауылының негізгі орта мектебінің оқушысы болса да, Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткен байқауда сынға түсті. Оның қатысуы «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы аясында жүзеге асты, бұл жобаның мақсаты – ауыл мектептерін ғылыми, әдістемелік және шығармашылық тұрғыда қолдау көрсету. Дильназдың жетекшісі – Анелова Ханзада, ифнворматика пәні мұғалімі.
Бұл байқау Қазақстанның барлық мектептерінде ғылым мен инновацияға қызығушылықты арттыруға бағытталған маңызды шара болды. Мектебіміздің оқушылары бұл байқауға ерекше дайындықпен қатысып, жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Бұл жетістіктер тек оқушылардың ғана емес, сондай-ақ олардың жетекшілерінің де қажырлы еңбегінің жемісі болып табылады.