5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күніне орай еліміздің барлық өңірінде қазақ халқының ұлы перзенті, ғұлама ойшыл, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған жалпықазақстандық ашық диктант өткізілді.
Бұл игі шараға 5–11 сынып оқушылары қатысып, Абайдың өмірі мен шығармашылығына байланысты мәтін жазды. Диктанттың басты мақсаты – оқушылардың тіл мәдениетін арттыру, жазу сауаттылығын жетілдіру, қазақ әдебиетінің асыл қазыналарын дәріптеу болды.
Жалпықазақстандық диктант – жас ұрпақтың ана тіліне деген құрметін оятатын, ұлттық құндылықтарды қастерлеуге тәрбиелейтін маңызды мәдени-ағартушылық іс-шара болып табылады. Сонымен қатар, бұл бастама Абайдың ұрпаққа қалдырған өшпес мұрасын тағы бір мәрте насихаттауға, жас буынға үлгі етуге мүмкіндік берді.